электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2019 г.

 

Мұғалімдердің құзіреттілігін дамытудағы ықшамсабақтың рөлі

№ 5 (186) май 2019г.

А.Б. БИПАЖАНОВА, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалының аға менеджері,
В.А. КОНКАЕВА, Алматы қаласы №174 мектеп-гимназиясының директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары



Қазақстан Республикасында білім беру мазмұны жаңару аясында мұғалім біліктілігін үздіксіз арттыру маңызы артып отыр. Оқушылардың бойында қалыптастыратын ХХІ ғасыр дағдыларын алдымен ұстаз өз бойында толық қалыптастырып, үздіксіз даму үстінде болу дағдысының қалыптасуы өзекті бола бастады. Мұғалімдер тек ресми түрде өтетін курстарда ғана емес, өз мектебінде, әріптестерімен бірге ұдайы бірлесе ізденіп, бірлесе проблеманы шешіп дағдыланғанда ғана жетістікке жететіндерін әлдеқашан түсінген. Олай дейтінім, мен Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалының тренері ретінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру курстары кезінде және курстан кейінгі қолдау барысында мұғалімдермен жиі қарым-қатынаста болып, кәсіби сұхбаттар жүргізіп отырамын. Сол сұхбаттардан түйгенім, оқу жылының өн бойында мұғалімдер бір-бірімен ынтымақтаса, бірлесе отырып жаңалықтарды бірге меңгеруге талпынады. Педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламасы арқылы мектеп өміріне мықтап еніп, кәсіби дамуға қолдау болып жатқан тамаша тәсілдер: коучингтер, тренингтер, тәлімгерлік, іс-әрекеттегі зерттеу, сабақты зерттеу, кейс-стадиледі атап айтуға болады. Сонымен қатар, бүгінгі мақалада әңгіме ететін тағы бір тамаша тәсіл ол – ықшамсабақ. Ықшамсабақты мен, тренер ретінде, біліктілікті арттыру курстарында соңғы 3 жылда мектеп басшыларымен қатар, білім мазмұны жаңару аясындағы пән мұғалімдерімен өтілетін курстарда қарқынды қолданып келемін. Себебі, курс тыңдаушылары бағдарлама ұсынатын идеяларды тек теория жүзінде бере бермей, тәжірибе жүзінде көруге мүмкіндік беретін тәсіл ретінде пайдаланамын. Шынайы өмірде оқушымен өтілген сабақтарда сынап көріп, қателіктерге бой алдырғаннан гөрі , осы идеяларды оқушы ролі мен бақылаушы рөліне ене отырып, мұғалімдер өз өн бойынан өткізе отырып меңгеруі маңызды деп есептеймін. Жалпы ықшамсабақтың шығу тарихына үңілетін болсақ, мұғалімдердің психологиялық дайындығының тәсілі ретінде ықшамсабақ АҚШ та алпысыншы жылдардың басында қалыптаса бастаған. Стэнфорд университетінің зерттеушілер тобы Дуайт Аллен мен Кевин Райан бастаған ғалымдар 10 жыл бойы зерттеген. Тіпті ықшамсабақты мұғалімдерге арналған іскерлік психологиялық тренингтің нұсқасы ретінде қарастыруға болады деген тұжырымдамалар да ұсынған.

Бүгінгі таңда, мектептерде мұғалімдер арасында білім мазмұнының жаңаруы аясында болып жатқан өзгерістерді тез меңгеріп, өз тәжірибелеріне енгізуге мүмкіндік алуға ықпал етіп отырған мықты тәсілге айналуда. Мұғалім бойында болуы тиісті құзыреттіліктердің қалыптасуына да қолдау болып отырғанын байқауға болады. Осы орайда ықшамсабақты өз мектебіне енгізбес бұрын зерттеп, зерделеп алып пайдаланып келе жатқан әріптесім, Алматы қаласы № 174 мектеп-гимназиясының директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін көтеру бағдарламасын табысты аяқтаған әріптесім Конкаева Венера Абдразаққызының тәжірибесіне сүйене отырып жалғастырамыз. Себебі, бұл әріптесім, өз тәжірибесінде ұжымында ықшамсабақтың тиімділігін алдымен іс-әркеттегі зерттеуге қойып, тиімділігін арттыру жолдарын іздеген және ұсынатын көптеген идеялары бар. Ары қарай осы әріптесіміздің тәжірибесіне үңілсек.

Біз қазір ақпараттар ағымы адамның биологиялық игеру мүмкіндігінен басым дәуірде өмір сүріп отырғанымыз туралы пікірді ғылыми зерттеулердің біршамасынан кездестіре аламыз. Расында да еліміздің білім саласын жетілдіруде отандық идеялар мен озық тәжірибелі шет мемлекеттер тәжірибесін қатар зерттеп оқу, оны өз тәжірибесінде тиімді ұштастыру мұғалімдер үшін үлкен сынақ алаңына айналды. Білім мазмұнының жаңаруы оқыту мен қатар оқу әрекетінде де көптеген жауабы қиын сұрақтарды алға тартуда. Сондықтан да қазіргі уақытта мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасу әрекетін жаңаша ұйымдастыру – басты ізденіс аймағына айналып отыр. Мен осы бағыттағы жұмыстардың тиімді бір түрі ретінде ықшамсабақтарды атар едім.

Ықшамсабақтарды білім мазмұнын жаңарту кезеңінде мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасу зертханасы деп атауға болады. Мұнда мұғалімдердің құзіреттілік деңгейі арту мүмкіндігі басым. Мұғалімдерге іс-әрекетте үйрену мен үйрете отырып үйренуге ықпалды жағдай туады. Ықшамсабақтар арқылы мұғалімдер өз тәжірибелерін тек ұтымды әдіс-тәсілдермен толықтырып қана қоймай, бақылау, бағамдау дағдыларын да арттыратындығы бұл жұмыс формасының ерекше тиімді артықшылығы деп бағалауға

болады. Ықшамсабаққа қатысушылар бір жұмыстың аясында мұғалімнің, оқушының және бақылаушының роліне ене алады. Оқыту мен оқу үдерісіне қатысатын екі жақтың да әрекеттерін орындай отырып, олардың психологиялық ахуалын тікелей сезінеді. Мұнда мұғалімдердің бақылаушылық қабілеттеріндегі дәстүрлі жалпыламалық сипат нақтылы жоспарлы әрекетке ауысады. Бұл – болып жатырған әркетке сырттай баға берумен шектелетін кез-келген ашық сабақ пен дәстүрлі панорамалық сабақтардан ықшамсабақтың бірден-бір артықшылығы.

Ықшамсабақтарды мектеп тәжірибесіне қалай енгізуге болады? Міне, осы сұрақ біршама ойлануды талап етеді. Яғни, ықшамсабақтарды мектеп тәжірибесіне енгізбес бұрын белгілі бір алғы шарттарды орындау керек. Бұның себебі – ең алдымен ықшамсабақтардың негізгі идеясын ұжым мүшелерінің түсіну қажеттілігінде жатыр. Сондықтан ықшамсабақтарды мектеп тәжірибесіне енгізбес бұрын оны іс-әрекеттегі зерттеуге қою қажет болады. Ықшамсабақтарды іс-әрекеттегі зерттеуге қойып барып, оның тиімділігіне көз жеткізілген жағдайда мектеп ұжымы бұл оң өзгерісті қабылдауға дайын болады. Осы ретте мен ықшамсабақтарды тәжірибеге енгізудің сатылы жоспарын ұсынғым келеді.

Жоғарыдағы кестеден көріп отырғанымыздай, мектепке енген өзгеріс бұл сатыда ықшамсабақтар туралы алғашқы ұғымдар мен бастапқы тәжірибе деңгейінен

соншалықты биікке көтерілген жоқ. Дегенмен, бұл сатыдағы жетістіктеріміз ықшамсабақтарды мектеп тәжірибесіне енгізудегі келесі жоспарлы сатылардың негізі болмақ. Осы сатыда біздің кәсіби коучтарымыз өздерінің ықшамсабақтар төңірегіндегі теориялық білімдерін барынша толықтырады, оларды тиімділігі мен өз мектептерінің жағдайында қажеттілік деңгейіне қарай іріктейді. Ықшамсабақтарды өз тәжірибелерінде өткізу арқылы, ролдердің міндеттері мен мұғалімдерге кәсіби даму тұрғысындағы әсерін өз бастарынан өткізіп бағамдайды, себебі, ықшамсабақтардағы барлық рөлдерде бұл сатыда зерттеу тобына кіретін кәсіби коучтар өздері отырады. Сондықтан болашақтағы мектепішілік өзгерістің нәтижесін алдын ала болжай алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл сатыда жұмыс анағұрлым күрделенеді және жүйеленеді. Себебі, мұнда қатысушылар саны артуына қосымша ықшамсабақта алынған тәжірибенің оқыту үдерісіне енгізілуін бақылау әрекеті қосылады. Ықшамсабақтардың оқу мен оқытуға әсерін бақылаудың жоспары құрылып, бақылау сұрақтары айқындалады. Бірақ, ескеретін жағдай бұл жұмыстардың бәрі әлі мектеп көлемін толық қамтымай, тек тәжірибелеуші топ тек тәжірибеге қатысушы нысаналы сынып арасында ғана жүргізілетіндігі. Бұл сатының біз үшін тиімділігі, ықшамсабақтарды жүргізуге төселген көшбасшыларды дайындай алатындығымыз бен ықшамсабақтардың мазмұндық жағынан қамту аймақтарын белгілеу мүмкіндігіне ие болатындығымызда. Сонымен қатар, бұл әдістің мұғалім құзіреттілігін арттыра отырып, оқу мен оқыту үдерісіне тигізетін әсерін есепке алу тәжірибелерін жинақтау мен жүйелеу, жоспарлау мүмкіндігі де осы сатыда кеңейеді. Екінші кезең соңында бастапқы зерттеуші және тәжірибелеуші топ бірлесе отырып жинақталған дәлелдерге зерделеу жасайды. Дәлелдер негізінде ықшамсабақты мектеп көлемінде енгізуге немесе қайта зерттеуге шешім шығарылады. Мектеп көлемінде енгізуге шешім шығарылған жағдайда біз үшінші кезеңге өтеміз.

Байқап тұрғанымыздай ықшамсабақтар мектеп көлемінде қанат жаю мүмкіндігін алды. Демек, біздің ұстаздарымызда өз құзіреттіліктерін арттыру мен оны тәжірибеде сынап көру зертханасы пайда болды. Келесі кезектегі маңызды сұрақ осы қанат жайып келе жатырған ықшамсабақтар үдерісін шын мәнісінде ұжымның әдістемелік орталығына айналдыру, ықшамсабақтардың мазмұны мен қамту аймағын қажеттілік деңгейіне қарай белгілі бағыттарда кеңейту.

Міне, осылайша ықшамсабақтарды тек оқу мен оқыту үдерісінде қолданылатын әдіс-тәсілдерді тәжірибелеу құралы деңгейінен, табысты мектепті дамыту зертханасына айналдыру мүмкіндігі бар. Бірақ, мұншалық кең көлемді жұмыс ауқымына жету үшін бірнеше маңызды мәселелерге мән берген абзал.

Біріншіден, ықшамсабақтар өз бетінше әдістемелік жеке жұмыс ретінде қаралмауы тиіс. Ол табысты мектепті дамыту жоспарына сәйкес SMART мақсатқа негізделген жүйелі әдістемелік жұмыс болуы қажет.

Екіншіден, ықшамсабақтарда ұсынылған әдістемелік ұсыныстардың белгілеген нысанға дұрыс тасымалдануы қадағалануы тиіс және тасымалданған жұмысқа міндетті түрде кері байланыс жасалып, осыған сәйкес мұғалім рефлексиясын ұсыныс жасаушының тыңдай алу немесе көре алу мүмкіндігі болғаны жөн. Аталған мәселеге орай ықшамсабақтардан соң міндетті түрде тәжірибе сабақтарын жүргізу, ұсыныстардың дұрыс тасымалдануына ықпал ететіндігін атап айтқым келеді.

Үшіншіден, ықшамсабақтарда ұсынылатын ұсыныстар кездейсоқ емес, негізді болуы маңызды.

Жоғарыда аталған мәселелер ықшамсабақтар нәтижесін жүйелі есепке алуды қажет етеді. Бірақ, бәрімізге белгілі бұл жұмыстарды кең ауқымда жүргізуге де жүйелі есепке алуға да ең бірінші кедергі – уақыт тапшылығы . Әсіресе оқушы саны көп, екі ауысымды мектептерде уақытты жоспарлау мүлде қиын . Сондықтан, өз тәжірибемдегі ұтымды ұсыныс ретінде мектептің әдістемелік хатқалтасын (әдістемелік почта) ашуды ұсынамын. Әрбір өтілген ықшамсабақты толықтай видеожазбаға түсіріп осы почтаға жіберу қажет. Бұл әдістемелік хатқалта өткен ықшамсабаққа қатысқан мұғалімдер үшін біріншіден әдістемелік базаға айналса, екіншіден өзі қатысқан әдістемелік жұмысты сырттай бақылай алу мүмкіндігін тудырады. Бірнеше қайтара қарау арқылы ұсынылған әдіс-тәсілдің, немесе, қандай да бір әдістемелік ұсыныстың тиімділігі мен кемшілігін байқау мүмкіндігін береді. Және мұғалім берілген ұсынысты тасымалдау кезінде өз әрекетін, оқушы жұмысын толықтай бейнежазбаға түсіру арқылы ықшамсабақты өткізуші мұғалімге, немесе, сол ықшамсабақта бақылаушы ролін ойнаған коучқа жіберу қажет. Бұл ықшамсабақта ұсынылған ұсыныстың іс-әрекетке дұрыс тасымалдауын қадағалау мен дер кезінде мұғалімге кері байланыс беру мүмкіндігін туғызады. Өз кезегінде коуч барлық қатысушылардың ісәрекетінен түйіндеген жадынамаларын жинақтап орталық әдістемелік хатқалтаға жібереді. Осылайша барлық мектеп ұстаздары үшін қажетті ресурстар жинақтауға болады. Бұл почтаны мектепте даму жоспарына сәйкес оқу сағаттарының материалдарын немесе тақырыпқа сәйкес материалдар сілтемелерін жіберу арқылы толықтырып, әдістемелік кітапханаға айналдыруға болады.

Біз жоғарыда ықшамсабақтар нәтижесін есепке алып отырудың маңызды екендігін айттық. Есепке алудың түрлі әдістері көп десек те, мен өз тәжірибемде ықшамсабақтардан соң мұғалімдерден құрылымдалған және еркін кәсіби сұхбаттарды алудың тиімділігін байқадым. Сұхбаттар барысында тәжірибелі мұғалімдер ықшамсабақтар арқылы әдістемелік жаңалықтар ағымымен таныс болғанын, өз тәжірибелерімен өзгелермен еркін бөлісе алғанын айтады. Ал жас мамандардың пікірлері мүлде жағымды ой салады. «Менің мектептегі әдістемелік жұмыстар ішінде қызыға қатысатыным ықшамсабақтар. Неге десеңіз, жоғары оқу орындарында біз оқытудың түрлі әдістерін теория тұрғысында біліп келдік. Ал ықшамсабақтарда сол әдіс- тәсілдерді практикада байқап көру мүмкіндігі ғана емес, ол әдістердің оқушыға қалай әсер ететіндігін оқушы ролінде отырып сезіну мүмкіндігі бар. Екіншіден, біз жаңа ортаға келдік. Әдетте мұндайда тосырқау басым болуы мүмкін ғой. Ал, біз ықшамсабақтарда еркін пікірлесу мүміндігі арқылы өзіміздің жаңа ортада педагогикалық қолдауға ие екенімізді сезіндік. Жас маман бола тұра, өзімізді белгілі бір дәрежеде көшбасшы ретінде көре алдық. Үшіншіден, ықшамсабақта ұсынылған ұсыныстарды өз тәжірибе сабақтарымызда қолданғаннан соң кері байланыс ала отырып дұрыс рефлексиялық түйіндеме жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл өз кәсіби дамуымызға дұрыс бағыт таңдауға ықпал етеді. Кез-келген әдіс немесе тапсырма, жаттығуларды бірден оқытуда қолданып, оның тиімсіздігіне көз жеткізгеннен гөрі, осындай ықшамсабақтарда тәжірибелі мұғалімдер талқысынан салып, өз рөлдерімізде оқушы ретіндегі сезімдеріміздің сынағынан өткізіп алып, тиімділерін ғана пайдалану мүмкіндігі бізді біршама кәсіби қателіктерден ал- дын ала қорғайды» деген пікір айтады жас мамандар. Және олар әрбір кәсіби сұхбаттарда өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды еркін қояды. Кезекті ықшамсабақтарда қандай сұрақтарға жауап алғысы келетіндерін жария етеді. Ал бұл ұжым мүшелерін әдістемелік қолдауда ықшамсабақтардың маңызды рөл атқаратындығының айқын дәлелі.

Ықшамсабақтар коучингтер секілді қатысқан мұғалімдердің ұсынылған әдістеме төңірегінде белгілі бір шешімге келуіне ықпал етеді. Сондықтан қатысушы мұғалімдердің бір пән емес, әр түрлі пән мұғалімдерінен топталғаны дұрыс. Егер ықшамсабақта бір интербелсенді әдіс немесе тапсырма түрі ұсынылса, математика пәні мұғалімі оны өзгеріссіз қабылдауы, ал физика пәні мұғалімі оны өз интерпретациясында қабылдауы мүмкін. Ал, музыка пәні мұғалімі ол ұсынысты мүлде алмайды делік. Сонда мұғалімдер арасында ақпаратты тиімділігіне қарай таңдау, ал ақпарат таратушыға өз ұсынысын әр түрлі деңгейде және түрлі интерпретацияда қайта қарау мүмкіндігі туады. Бұл – ықшамсабақтың екі жақты пайдалылығының айғағы. Ал, әр түрлі бірлестіктен келген мұғалімдер – берілген ақпараттың барлық пән бірлестіктеріне барынша кеңінен таралуына мүмкіндік жасаушылар.

Ықшамсабақтарды тек қана интербелсенді әдістерді тарату орталығы деп қана қарау дұрыс емес. Оны бірнеше бағытта қолдану мүмкіндігі бар. Мысалы: белгілі оқу мақсатына жетуде тиімді тапсырмалар мен жаттығулардың тиімділігін анықтау, тапсырмалардың шешіміне жетуге көмектесетін интербелсенді әдістердің тиімділігін анықтау, тәрбие жұмысында түйінді мәселелер мен қиын мәселелердің шешімін табу жолдарын іздестіру, мектеп пен ата-ана бірлігін нығайтудың ықпалды тәсілдерін қарастыру т.б. жағдайлардың барлығында ықшамсабақтарды жоспарлы түрде қолдана аламыз. Қандай жағдайда да қатысушы мұғалімдер рөлдерге ене отырып, ықшамсабаққа қойылған сұрақтың шешіміне шынайы түрде жетеді. Өз сезімінен өтіп барып қабылданған шешім мұғалімнің тәжірибесінде ұзақ уақыт қолданысқа енеді, немесе, сол жерде туындаған сұрақ мұғалімді ізденіске жетелейді. Қалай болған жағдайда да ықшамсабақ екі жақты тиімді.

Сөз басында айтқанымыздай, қазіргі оқу мен оқыту оқушыдан да, мұғалімнен де тоқтаусыз ақпараттар ағымынан тиімдісін таңдауды талап етеді. Ендеше, ықшамсабақтар да мұғалімдер үшін әдістемелік ақпараттарды ұсыну мен таңдаудың маңызды бір саласы. «Ісің өнімді болу үшін жүйесін тап» дегендей, әдістемелік жұмыстың осы саласын нәтижелі қолдана білсек, көптеген шешімі қиын сұрақтардың дұрыс шешіміне жолығарымыз анық.

 

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.coma> yr.no