электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2012 г.

 

Елім – алтын бесігім

№ 7 (118) сентябрь 2012г.


МАХАМБЕТОВА Р. Ж.,
Қостанай облысы Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы

 

«Шетелде білім алу, шетелдік болып кету деген сөз емес – Отаныңа деген сүйіспеншілікті ешқашан да жоғалтуға болмайды»
Нұрсұлтан Назарбаев

Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап- ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрқайсымыз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала.

Туған ха лқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, отансүйгіштіктің, ұлтжандылықтың керемет үлгілерін көреміз. Көне түркі қағанатының бас қолбасшысы, қаған абызы Тоныкөк былай деген екен: «Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру. Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін!». Бүгінгі күні егеменді ел болып, қазақ деген ұлт болып отыруымыздың өзі ата-бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігінің арқасы. Тарихи мәліметтерге үңілсек, жоңғар шапқыншылығы кезі мен одан бертіндегі ұлт азаттық көтерілісін алып қарасақ, ондағы батырлардың ешқайсысы жүйелі патриотизмге тәрбиелеудің тезіне салынбаған. Бірақ елін, жерін, Отанын қорғауда жанын, тәнін аяп, қарап қалмаған. Осындай көптеген тарихи тәжірибелерден, сол кездегі отбасы тәрбиесіндегі отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалының күшті болғанын көреміз. Өсіп келе жатқан жас буындардың бойында отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалын елемей қоюға болмайды.

Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан. Ал оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтармен толықтырылады. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы.

«Отансыз адам – қай жерде жүрсе де бейшара адам. Өзіңнің еліңе, Отаныңа, жеріңе, ата-бабаңның төккен қаны мен теріне адал болуың керек. Қайда жүрсе де, не істесе де қазағын-елін ойлап, осыны көркейтсем, кіндік қаным тамған елім аман болып, оның дәрежесі жоғары болса, қай мемлекетке барсам да мені сыйлайды деген түсінікте болу керек» дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Демек, елін сүю – әркімнің жеке ісі, өз арының ісі. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге еніп, кейін адам өсе, есейе келе өз ақылы өзіне жетіп, өз басымен тіршілік ете бастағанда адамзаттың бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім. Мұндай сезім әркімде әр кезеңде оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, жаспен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, мемлекеттік және қоғамдық әлеуметтік институттардың әсерімен қалыптасады.

Ағымдағы жылдың 01 маусымында Қостанай облысының Балалардың құқықтарын қорғау департаментімен өзінің кіші Отанына деген сүйіспеншілік және құрмет тұтуға тәрбиелеу, балалардың шығармашылығын дамыту және талантты балаларды қолдау мақсатында өткен «Саған арнаймын, менің өлкем!» балалардың суреттер сайысында өзінің кіші Отаны, қаласы туралы көзқарастары, сезімдері мен өз ойларын қыл қалам арқылы көрсете білген біздің кішкентай жерлестеріміздің кішкентай жүректерінен шыққан еңбектерінен, олардың ақ қағаз бетіне түсірген ойларынан туған жерге, елге деген асқақ сезімдерін көреміз.

Ұлттық патриотизм дегеніміз қанмен, текпен туа бітетін, тәлім-тәрбие арқылы өсіп жетілетін ұлттық сипаттағы саналы іс-әрекет пен мінез-құлық. Ал қазақстандық патриотизм дегеніміз – Қазақ мемлекетін Отаным деп сезіну, басқа ұлттардың қазақ халқына сый-құрметпен қарауы, әр ұлттың құқықтық еркіндігін қуаттай отырып, туған жерін көркейтуге және оны қорғауға дайын болуы.

Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлы "отансүйгіштік (патриотизм) – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді" деп осы ұғымға терең, жан-жақты анықтама берген. Қаһарман жазушы ұлттық патриотизмді ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі және қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі, халқының қан жағынан және шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы,психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері, дербес қасиеттері және ерекшеліктерімен тығыз байланыстырады.

«Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек» дейді белгілі жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттерді жас ұрпақ үлкендердің үлгісімен сіңіреді. Отанын сүйетін, халқын құрметтейтін өркениетті ұрпақ тәрбиелеу, өнегелі, дұрыс жол көрсету, Отанына, туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту біздің міндетіміз.

 

Тема номера








 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no