электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2019г.

 

Ұлтымыздың Ұлы ұстазы – Ыбырай Алтынсарин

№ 1 (182) январь 2019г.

МАҒЗҰМ Г.Ә., филология магистрі қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі «Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» КММ, Қостанай қ.

 

Қанатын кеңге жайған Қазақстан – болашағы жарқын, жасампаз мемлекет. Мағыналы, бай тарихы, ертеңге деген сенімі, білім мен ғылым жолында жалындап жүрген жастары бар егемен ел халқының бүгінгі озық идеясы – ата-бабамыз аңсаған Мәңгілік ел атану. «Мәңгілік» сөзінің астарында терең мағына жатыр. Себебі мәңгі болу үшін батыр, қайратты, абыройлы, дәстүрі мен салтына берік, отанға деген махаббаты шексіз, көзі ашық, көкірегі ояу, білімі қарыштап, дамыған, даңқты болу керек. Осы асыл қасиеттерді келешек ұрпақ бойына дарыту бүгінгі күннің басты мақсаты. Болашақ – саналы ұрпақпен жалғасады. Мәңгі болу үшін, асқақ та айбынды болу үшін қаншама ер бабаларымыз аянбай тер төгіп, еңбек еткен. Қазақтың бүгінгі байлығы – аты аңызға айналған ерлері, ағартушылық жолда аянбай еңбек еткен даналары. Қаймағы бұзылмаған қайсар халық өз басынан небір алапат кезеңдерді өткізгенін тарих толқыны тебіренте толғайтыны белгілі. Тарих беттерінде ұлттың болашағын ойлаған дара тұлғалар да аз болмады. Солардың бірегейі – Ыбырай Алтынсарин.

Ұлт болып қалыптасқан әрбір қоғамның басты байлығы – саналы ұрпақ. Ұлттың ұрпағының қамын ойлау, оның болашағын ойлау болып табылады. Осы жолда бар саналы ғұмырын мектеп ашып, ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған ұлы ұстаз – Ы. Алтынсариннің есімі қазақ педагогикасының қақ төрінде тұрары сөзсіз.

Сол уақыттағы заманның таршылығына, адамның кереғар түсінігіне қарамастан, қазақ ішіндегі барлық мәселенің сауатсыздықтан болып жатқанын байқап, зерделей білген дана атамыздың сол күнгі еткен еңбегі бүгінгі Қазақстанның жемісіне айналып отыр. «Тәрбие тал бесіктен» деген сөзді дана халқымыз бекер айтпаған. Ы. Алтынсариннің кішкене кезінен атасынан естіп өскен өнегелі сөздері, көрген үлгісі – бүгінгі күні бүкіл ұрпақты тәрбиелеуге қажетті асыл қазына. Білімге деген талпынысы күшті бала Ыбырайдың дана Ыбырайға айналуы тынымсыз еңбектің арқасы. Бүгінгі күні Қазақ педагогикасының негізі болып табылатын Ы. Алтынсарин негізін қалаған Қазақстан педагогикасы «оқу мен тәрбие егіз» деген ұлағатты сөзді ұран етіп ұстауда. Қазақтың барлық сана-сезімін, тарихын, дәстүр-салтын өз бойына сыйдыра білген Ыбырай атамыз сүбелі үлес қосқан педагогика ғылымы бүгінгі күні қарыштап дамуда. Алайда, өзге мемлекеттердің сапалы оқу әдістерін таңдап алып, өз тәжірибемізге енгізіп жатсақ та, біздің педагогиканың түп қазығы баланы оқыта отырып тәрбиелеу. Ал, бұл мәселе Ы. Алтынсариннің әрбір ғылыми еңбегінде, әдеби шығармаларында айқын көрініс тапқан.

Ы. Алтынсариннің дүниеге көзқарасының қалыптасуына сол кезде өмір сүрген атақты орыс педагогы К. Д. Ушинскийдің біршама әсері болғанға ұқсайды. Өзінің оқып, біліп, түйгенін еліне таратып, қазақ балаларын тәрбиелеуге арнаған Ы. Алтынсариннің оқу құралдары мен оқулықтары, газет бетінде жарық көрген мақалалары біздің құнды мұрамыз. Осы жолда орыс ғалымы Н.И. Ильминский өзінің «Алтынсарин туралы естеліктер» атты кітабында «Мен Ы. Алтынсаринмен отыз жылға жуық, яғни 1859 жылдың қараша айының басынан таныс едім. Мен оған шын ықыласыммен берілдім, әсіресе, оның орыс біліміне ерекше құмарлықпен ұмтылып, ол білімін қазақтар үшін де керек екенін ешқашан есінен шығармайтындығын айрықша бағалайтын едім» – деп жазды.

Ы. Алтынсарин өзінің Н.И. Ильминскийге жазған хатында: «Мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта қайтпаймын. Құдайым тек адам баласының жауыздық қулықтарына қарсы тұруға, нақақ жала-жапсардың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін» деген болатын. Ұлы ұстаздың ұлы істерінің жеңісі болып саналатын бүгінгі білім беру ісінің басты мақсаты – елдің ертеңі болып табылатын білімді де шығармашыл, адамгершілік қасиеттермен толыққан, өмірден өз орнын таба алатын тұлғаны, болашақ элитаны тәрбиелеу.

Әдебиеттер тізімі:

1. Ы.Алтынсариннің педагогикалық пікірлері және ағартушылық қызметі. – Алматы: «Мектеп», 1969. – 156 б.

2. Ы. Алтынсариннің өмір жолы және қызметі // Ыбырай Алтынсарин тағылымы. – Алматы: «Жазушы», 1991. – 30-51 б.б.

3. Эфиров А.Ф. «Өмірі мен падагогикалық қызметі» // Ыбырай Алтынсарин тағылымы. – Алматы: «Жазушы», 1991. – 153 б.

 

Классики и современность






 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no